Біздің сеніміміз

 

Біз бүкіл Киелі Жазбаның Құдай Сөзі екеніне, тұтастай Киелі Рухтың жетегімен жазылғанына сенеміз. Ол кемел, мүлткісіз және ең жоғары әрі даусыз беделге ие.

Біз Құдайдың үшбірлігіне: Әке, Ұл және Киелі Рухқа сенеміз.

Біз Иса Мәсіхке сенеміз. Ол — мәңгілік Құдай. Ол Киелі Рухтың құдіретімен пәк қыз арқылы дүниеге келіп, шынайы Адам ретінде жер бетінде күнәсіз өмір сүрді. Ғолғотадағы айқыш ағашта біздің күнәміз үшін Өз жанын құрбан етті. Үшінші күні өлімнен қайта тіріліп, көкке көтерілді. Қазір ол Құдайдың оң жағында болып, біз үшін араша түсуде.

Біз Киелі Рухқа сенеміз. Ол адамға күнәсін көрсетіп, оларды шынайы сенімге жетелейді және жүрегінде жаңа рухани өмір бастайды. Киелі Рух сенушілерді Мәсіхтің денесіне біріктіріп, оларды қасиетті етіп, жүректерінде өмір сүреді әрі ерекше қызметке шақырады.

Біз Құдай адамды Өз бейнесіне ұқсас етіп жаратқанына сенеміз. Бірақ адам Құдайға қарсы саналы түрде күнә жасап, соның салдарынан өзін де, кейінгі ұрпағын да тәндік және рухани өлімге ұшыратты.

Біз адамның өз еңбегімен де, өз күшімен де құтқарыла алмайтынына, құтқарылу тек біздің күнәларымыз үшін айқышта құрбан болған Иса Мәсіхке деген сенім арқылы ғана берілетініне сенеміз.

Біз Киелі кітапқа негізделген жергілікті қауым сенушілердің тұрақты түрде бас қосатын рухани отбасы екеніне сенеміз. Қауым мүшелері бір-бірімен қарым-қатынас жасап, Құдай Сөзін оқып-зерттейді, бірге сиынып, Құдайға ғибадат етеді, сенімде нығайып, бір-біріне көмектеседі.

Біз суға шомылдыру рәсімі сенім арқылы берілген құтқарылудың сыртқы белгісі екеніне сенеміз. Бұл рәсім адамның суға толық батырылуы арқылы орындалады.

Біз Иеміздің кешкі асы, яғни нан үзу, Иса Мәсіхтің айқыштағы құрбандығын бейнелейтін қасиетті белгі екеніне сенеміз. Бұл рәсім бізге Мәсіхтің азаптары мен өлімін және күнәларымыздың кешірілгенін еске салады.

Біз барлық шынайы сенушілердің көкке көтерілетініне және Иса Мәсіхтің алдында өз сенімі үшін жауап беретініне сенеміз. Сол жерде әркім өз ісіне қарай сыйын алады.

Біз сенбейтіндерді тозақта мәңгілік жаза күтіп тұрғанына сенеміз. Ол жерден қайта оралу мүмкін емес.