Иса Мәсіхтің өмірі
Иса Мәсіх — адамзат тарихындағы ең ғажайып Тұлға. Оның тәлімі миллиондаған адамның өмірін өзгертті. Құтқарушының өмірін терең зерттеу мәсіхшіні қуанышқа және жанқиярлықпен қызмет етуге шабыттандырады. Ал егер Сіз өзіңізді Мәсіхтің ізбасары деп санамасаңыз, Оның өмірімен танысу Сізді маңызды шешім қабылдауға жетелейді.
Жохан жазған Ізгі хабар
Осы Ізгі хабардың мақсаты мына сөздерден анық көрінеді: "Ал жазылғандары Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы екендігіне сендер сенсін, әрі сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған" (Жох. 20:31). Елші Жохан Мәсіхтің өмірі туралы жазғанда, адамдарға Ізгі хабарды жеткізуді және Мәсіхке деген сенімнің негізін түсіндіруді мақсат етті. Бұл курс осыны байқап, жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Елшілердің істері
Елшілердің істері кітабы мәсіхшіліктің иудаизмнің орнын баса бастаған кезеңі туралы баяндайды. Киелі Рух түскеннен кейін қауым кеңінен таралып, мәсіхшілер қауымдары Рим империясының барлық ірі қалаларында болды. Бұл кітап қауымның өсуі мен дамуын баяндап, Ізгі хабар кітаптары мен елшілердің хаттарын табиғи түрде байланыстырады. Бұл кітап арқылы сіз бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің қарқынды өмірін сезінесіз.
Жақыптың хаты
Бұл хаттың басты ерекшелігі — сенушінің күнделікті өміріне арналған анық әрі нақты практикалық тәлімдер. Жақып сынақтардан өтетін және адамның іс-әрекеті арқылы көрінетін “берік сенімнің” қандай болатынын көрсетеді. Мұндай сенімнің тұрақтылығы сөз бен істің бір-біріне сай келуінен байқалады. Бағдарлама берік сенімнің неде екенін және оның күнделікті өмірде қалай көрінетінін түсінуге көмектеседі.
Петірдің 1 және 2 хаттары
Киелі кітап кейіпкерлерінің арасында Петір ерекше орын алады. Ол бізге өзінің адамдық қырларымен жақын. Мәсіх көкке көтерілгенге дейін Петір тұрақсыздық, қызбалық, қорқақтық және бірізділіктің жоқтығын көрсетті. Бірақ кейін ол кенеттен жігерлі, сенімді, табанды, батыл әрі қайсар адамға айналды. Ол неге өзгерді? Бұл курс сізді осы ұлы тұлғамен және оның хаттарымен таныстырады.
Римдіктерге арналған хат
Римдіктерге арналған хат — терең құдайтанулық еңбек әрі практикалық нұсқаулық. Бұл хатта мәсіхшілік сенімнің негізгі шындықтары ашылады: құтқарылу деген не, ол Кімнен келеді, адам оны қалай қабылдайды және құтқарылу мәсіхшінің өмірін қалай өзгертуі керек. Сонымен қатар күнәні жеңу жолы, сенушінің қауымдағы және қоғамдағы өмірі қарастырылады.
Қорынттықтарға арналған 1-ші хат
Бұл хат Жаңа Өсиет кітаптарының сотериологиялық хаттар деп аталатын тобына жатады. Оларға Римдіктерге арналған хат, Қорынттықтарға арналған 1 және 2-хаттар, Ғалаттықтарға арналған хат кіреді. Себебі бұл хаттарда басты назар құтқарылу туралы ілімге аударылады. Soteria грек тілінен аударғанда «құтқарылу» дегенді білдіреді. Дегенмен бұл хатта басты назар ілімнің күнделікті өмірде қалай қолданылатынына бағытталған. Бұл курс хаттың ілімдік мазмұнын да, практикалық мәнін де түсінуге көмектеседі.
Ғалаттықтарға арналған хат
Ғалаттықтарға арналған хатта адамның сенім арқылы ақталатыны қысқа, анық әрі түсінікті түрде берілген. Сондықтан бұл хат мәсіхшілік еркіндіктің Ұлы хартиясы деп аталады. Мұнда Пауыл Ізгі хабардың мәнін өте қысқа, әсерлі әрі нақты жеткізеді. Бұл курс елші Пауылдың ғалаттықтарды сенімнен тайып, адасып кетуден қалай сақтағысы келгенін көрсетеді.
Ефестіктерге арналған хат
Пауыл Римге тұтқын ретінде келді. Бірақ ол түрмені де қызмет орнына айналдырып, Ізгі хабарды таратуды тоқтатпады. Қамауда отырған кезде ол Ефестіктерге, Қолостықтарға, Філіпіліктерге және Філімонға арналған хаттарды жазды. Бұл хаттар Жаңа өсиеттегі Мәсіхті ерекше ұлықтайтын маңызды кітаптардың қатарына жатады. Бұл курста сіз Пауылдың Ефестіктерге арналған хатында қандай тәлім бергенін білесіз.
Салониқалықтарға және Філіпіліктерге арналған хаттар
Екінші миссионерлік сапары кезінде елші Пауыл Салониқа қаласына келіп, сол жерде мәсіхшілік қауымның негізі қаланды. Алайда Мәсіхке сенбеген яһудилер халықты дүрліктіріп, елшіні қаладан кетуге мәжбүр етті. Бірақ бұл жағдай Пауылдың қамқорлығын тоқтатқан жоқ. Ол Салониқадағы қауымға екі хат жазып, құтқаратын сенімнің белгілерін, Құдайға қызмет етудің негізгі принциптерін және Мәсіхті күтіп өмір сүрудің шынайы тәжірибесін түсіндірді.
Еврейлерге арналған хат
Бұл хаттың авторы маңызды ақиқатты ашады: Мәсіх — Көне өсиеттегі барлық уәделердің орындалуы. Ол — Құдайдың толық әрі соңғы аяны. Сондықтан Мәсіх иудаизмдегі ең жақсы нәрселердің бәрінен де жоғары. Бұл хат Мәсіхтен бас тартудың қаншалықты қауіпті екенін қатаң ескертеді және бізді «Сенімнің Басшысы әрі Аяқтаушысы Исаға» көз тігуге шақырады (Евр. 12:2).
Аян кітабы
Аян кітабы — оны оқып, зерттеп, онда жазылғандарды орындайтын адамға бата уәде етілген Киелі кітаптағы жалғыз кітап. Ал бұл кітапқа өз ойынан бір нәрсе қосатын адам Құдайдың қаһарынан құтыла алмайды. Сондықтан бұл курсты өту барысында Аян кітабын Құдайдың батасын сұрап, дұға ете отырып зерттеңіз.